КЕЗЕКТЕН ТЫС ШЕШІМІН ТАПТЫ

Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс он алтыншы сессиясында бюджетке қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапты, деп хабарлайды, мәслихаттың баспасөз қызметі.
Сессия жұмысының алдында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтың баяндамасы тыңдалды. Бұған дейін облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбіштің өкімімен уақытша депутаттық комиссия құрылып, уран өндіретін мекемелердің жұмысымен танысқан. Сонымен қатар, 2023 жылы сессия отырсында жасалған келісім-шарттарды қайта қарап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына төленетін төлемдерді инвестиция көлемінен 2 пайызға ұлғайту ұсынылған еді.
Аталған ұсыныс уран өндіретін компаниялар тарапынан қолдау тауып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына төлемдерді 1 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтып отыр. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға өзгертулер енгізілмекші. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын айтты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлемдегі уран өндіретін компаниялардың ішіндегі көшбасшысы – «Қазатомпром» басшылығына бірқатар ұсыныс айтып, Түркістанды түлетуге, әлеуметтік жобаларға атсалысуға шақырды. Әлемдік өндірістің 40 пайызы осы компанияға тиесілі екенін еске салды. Сондай-ақ, арнайы оқу ордасын салып, білікті мамандар легін даярлау жөнінде бастама көтерді.
Сессияның күн тәртібінде «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» мәселе қаралды. Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №14/180-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек баяндама жасады.
Маңызды мәжілісте депутаттар басқарма басшысына сұрақтар қойып, тиісті шешім қабылдады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылай келе, мәслихат жұмысына табыс тіледі.