СОЗАҚҚА ШУМЕН КЕЛДІ

Созақ ауданына өткен жылмен салыстырғанда 300 млн текше метрге көп су келді. Ол үшін Тасөткел су қоймасы жөнделіп, сыйымдылығы 450 млн текше метрден 620 млн текше метрге дейін ұлғайтылды. Бұл Созақ ауданына қосымша 200 млн текше метр су жіберуге мүмкіндік бермек.

Созаққа су Шу өзенінен келеді. Біраз жылдан бері су керекті көлемде жетпей, жергілікті жұртшылық ағын судан тарығып қалған еді. Ауданның су мәселесін қоғам белсенділері де, Мәжіліс депутаттары да көтерді. Былтыр облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков министрлікке мән-жайды Астанаға барып баяндаған болатын. Содан бұл істе сең қозғалып, мәселе шешіле бастады.

Бүгін Созаққа іссапармен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аудан тұрғындарымен өткен кездесіп, аймақты сумен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Соңғы жылдары қар мен жаңбыр азайып, Қаратаудың баурайындағы өзендерде су шілде түспей азайып кетіп жүр. Созақты суландыру үшін Шу өзенінің арнасын да реттеу керек.

Жиында «Фурманов» каналының жай-күйі де сөз болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков 120 шақырымдық айналма каналдың құрылымын қалпына келтіру, тазарту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқандығын мәлімдеді. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін және аталған жұмыс шілде айында басталатындығын да жеткізді.