БӘРІ БАҚЫЛАУДА

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мемлекет басшысына агенттік қызметінің негізгі қорытындылары туралы есеп беріп, алдағы міндеттермен таныстырды.

Агенттік төрағасының айтуынша, 300 қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталып, зардап шеккен азаматтарға 20 млрд теңгеге жуық өтемақы қайтарылыпты. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың 2,2 млрд теңге болатын криптовалюта түріндегі қылмыстық табыстары бұғатталған. Ұйымдасқан 6 қылмыстық топ жойылған. Олардың бірі – трансұлттық топ боп шыққан. Сол сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда 23 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеген.

Агенттік ағаш пен темірдің заңсыз экспорттарының жолын кескен. Сондай-ақ, жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың ірі схемасы жойылған. Бұл ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Азаматтарды қорғау бойынша заңсыз жұмыс істеген шағын қаржы ұйымдарының желісі анықталған. Олардан 327 мың азамат зардап шексе, келтірілген залал мөлшері 30 млрд теңгені құрайды. 24 қаржы пирамидасы жойылып, алаяқтық схемаларды таратқан 5,6 мың сайт бұғатталған. 22 мыңнан астам мүшесі бар 30 топтық чат пен аккаунт жабылған. Осыған байланысты 567 мың оқушыға және 100 мыңнан астам студентке қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізілген екен.

Парламент Мәжілісінің қарауына кірістерді жылыстатуға қарсы күрес мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізілген. Олар қабылданса, Қазақстан FATF стандарттарына техникалық тұрғыдан толық сай келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік төрағасына экономикалық құқық бұзушылықтың алдын алуды, көлеңкелі айналымның үлесін азайтуды, заңсыз иеленген активтерді жылыстатуға қарсы күресті жалғастыруды, халықтың қаржылық сауатын арттыруды тапсырды.