ЖИЫРМА ЕЛДІҢ ЕЛШІСІ КЕЛДІ

Түркістанға Еуропаның 20-ға жуық мемлекетінің Қазақстандағы елшілері келді. Мәртебелі меймандарға аймақ басшысы өңірдің инвестициялық, туристік әлеуетімен таныстырып, ынтымақтастықты нығайту, серіктестік орнатуға ықылас білдірді. Сондай-ақ, Түркістанның тарихи және экономикалық рөлі туралы баяндады.
Нұралхан Көшеров:
– Сіздерді Түркі дүниесінің рухани ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан – еліміздің тарихи-мәдени орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аймақты дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Батыс пен шығыс арасындағы сауда қатынастары және көптеген тарихи нысандар Түркістанның Орталық Азиядағы инвестициялар мен туризмді тартудың орталығы болу мүмкіндігін ұлғайтады. Қаланың жүрегі – түркі халықтарының рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетіне ие. Халық тығыз орналасқандықтан аймақта жұмыс күші, кадрлар жеткілікті. Біздің облыс бизнеске бағытталған. Аймақта 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде 160 шетелдік инвестор қатысатын компаниялар жұмыс істейді. 2018 жылдан бастап облысқа 9 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның 63 пайызы – жеке инвестициялар. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және жаңартылатын энергия көздеріне бағытталуда. Қазіргі уақытта өңірдің қоржынында 110-ға жуық инвестициялық жоба бар. 2025-2028 жылдары 19 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Облыста «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалды аймақтар, өндірістік парк жұмыс істейді. Еуропа кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып, жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді, өз сөзінде.
Кездесуде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ елшісі Алешка Симкич елшілер тобының облысқа сапарының мәнісін айтып өтті. Еуроодақ елшісі әріптестікті нығайтуға қолдау көрсетуге пейіл танытты. Түркістан облысының әлеуеті жоғары деп таныды.
Елшілер Түркістан жұртшылығының қонақжайлығына тәнті болып, іскерлік байланыс орнатуға қолдау көрсетіп әрі мазмұнды кездесу өткізген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Туристік нысандарды аралаған олар облыстың бай тарихы мен шежіресіне қызығып, бұл саланың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар инвестициялық алаңдар, инвесторларға жасалатын мүмкіндіктер туралы сұрақтарына керекті мәлімет берілді.
Ұлыбритания, Польша, Хорватия, Австрия, Болгария, Кипр, Эстония, Германия, Грекия, Венгрия, Швейцария, Латвия, Словакия және өзге де елдерінен келген елшілеріне Түркістан облысы туралы толық мағлұмат беріліп, инвестициялық әріптестік орнату жолдары қарастырылды.