ЕТ ПЕН МАҚТА

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің агроөнеркәсіп саласында жүзеге асқан және енді қолға алынып жатқан жобалармен танысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров терең өңдеуге, өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыруға басымдық берілгенін айтты.
Министр Қожатоғай ауылындағы 50 мың ірі қара малды бордақылауға арналған кешенді аралап көрді. Бұл инвесторлар есебінен аустралиялық тәсілмен жұмыс істейтін ең ірі жобаның бірі.
Арыс қаласында «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы мен ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор іске қосылуға таяу. Құрылыс жүргізу, мал бордақылау және жаю тәртібі аустралия технологиясына негізделген.
Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде бордақылау алаңына 15 мың бас, биыл тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады деп жоспарланған. Сондай-ақ, серіктестік маңынан 4710 гектар алқапта жаңбырлату технологиясы мен малға арналған жем-шөп дақылдарын өсіріледі. Ол үшін әлемге әйгілі «John Deere» компаниясының техникасы қолданылмақ. Бордақылау алаңында барлық жұмыс автоматтандырылған.
Жобаның жалпы құны 16,2 млрд теңгені құрайды, және де 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде 5 МВт электр желісі тартылды. «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 2,5 млрд. теңге алынған. Құрылыс монтаждау жұмыстары 90 пайызға аяқталған.
Министр Отырар ауданындағы мақта кластерінің тынысымен танысты. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге асырып жатқан жоба аясында 2 мақта зауыты салынады. Қазіргі таңда инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген.
Айдарбек Сапаров экспорттық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілетінін айтып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жобалар жалғасуы тиіс екенін жеткізді.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд.теңгені құрайтын 5 жоба іске асыру жоспарланған. 7 мың жұмыс орны ашылады. Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд. теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды (4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суғару өндірісі). Бүгінгі таңда тамшылатын суғарудың ПВХ құбырын шығаратын 1 зауыттың құрылысы бітіп, жұмыс істеуде. Биыл 3 зауытты (Отырарда 2 мақта өңдеу зауыты, 1 тамшылатып суғару ленталар өндірісі) және 2 тоқыма фабрикасы (Түркістан қаласындағы жіп иіру және тоқыма емес материалдар өндірісі) салынады.
Бұл жобалар толық іске асқанда суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін 2 есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік туады.