АҒЫН СУ ЖЕТУІ ТИІС

Түркістан әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі вегетациялық кезеңнің атқарылуы бойынша арнайы мәжіліс өткізді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес жеткізіліп жатыр. Облысқа тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекет есебінен толтырылады. Үкіметаралық бекітілген лимиттің көлемі — 1,1 млрд.м3. Трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандары ағын сумен қамтамасыз етіледі. Суармалы жер көлемі 140 мың.гектарды құрайды. Бүгінде вегетацияға 30 м3/сек ағын су босатылуда.
Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы ағын су алады. 67,8 мың гектар суармалы жерге 40 м3/сек ағын су жеткізіліп жатыр.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев күрделі жөндеу жоспарланған су арналарын қаржыландыруға ұсынылған жобалау-сметалық құжаттары бойынша туындаған мәселелерге баяндады. Ал, аудан әкімдерінің орынбасарларына су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша бекітілген межені орындау тағы да ескертілді.
Нұрбол Тұрашбеков:
– Шаруалар ағын суға тең қол жеткізуі тиіс. Су тапшылығы орын алмау үшін барлық ықтималдар мен тәуекелдер сараланып, өзектілігіне қарай ұсыныстар әзірлеңіздер, – деді.
Жиналыста нақтыланған тапсырмаларға жауаптылар бекітілді. Маусымдық науқанда арқаны кеңге салуға болмайтыны ескертілді.