ҚАЗАҚСТАН — БАӘ БИЗНЕС ФОРУМЫ ӨТТІ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Астана» халықаралық қаржы орталығының жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ, АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік орталығының ерекшеліктеріне қанықты.
Елімізде Біріккен Араб Әмірліктерінің 46 компаниясы АХҚО резиденті ретінде тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технология, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі сияқты көптеген салада жұмыс істейді.
Қазақстан мен БАӘ капитал нарығы арасында байланыс нығаюда. Биыл Nasdaq Dubai және Astana International Exchange (AIX) биржалары орталық депозитарийлерінің арасында тікелей байланыс орнағанын жариялады. Ал, былтыр AIX Абу Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржа хабына қосылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты. Экономиканың негізгі секторын қамтитын жалпы сомасы 5 млрд долларды құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. БАӘ Қазақстанға 4,3 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесіміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді»,- деді.
Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды. Екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді. Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ Masdar, AMEA Power, Abu Dhabi Ports Group және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында төмендегідей коммерциялық келісімдерге қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен QazaqArab Sugar ЖШС арасында Қазақстанда қант зауытының құрылысы жобасы бойынша инвестициялар жөніндегі келісім;
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен Presight компаниясы арасында мәліметтерді өңдеу орталығының құрылысы бойынша меморандум;
3. Астана қаласы Білім басқармасы мен Emirates Kazakhstan Education Investment Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
4. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Abu Dhabi Global Market арасында мәліметтерді қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
5. «ҚМГ Инжиринг» ЖШС мен AIQ арасында білім алмасу және AIQ шешімдерін әзірлеуге арналған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім;
6. «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
7. Semurg Invest ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group арасында «Құрық» көпмақсатты терминалының құрылысы және оны дамыту қағидаттары жөніндегі келісім;
8. «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағы АҚ мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. «Alel Agro» АҚ мен LULU Group арасында агро азық-түлік өнімдерінің саудасын ілгерілету және сатып алу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.