КОРЕЯМЕН БАЙЛАНЫС НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Құрметті консулы, KITA-ның штаттан тыс директоры, Dongkwang Corporation-ның төрағасы Ли Санг Хун бастаған «Dongkwang Corporation», «BLE., Co Ltd», «ETOV» компанияларының өкілдерімен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы логистикалық хаб, тау-кен өндіру, кабель шығару бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әріптестік ынтымақтастықты нығайтуды сөз етті.
Облыс әкімі экономикалық және іскерлік байланыстарға ашық екенін жеткізіп, Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетімен таныстырды.
Нұралхан Көшеров:
– Корея – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі және біздің қарым-қатынасымыз көпжылдық достық пен өзара құрметке негізделген. Ең алдымен, 2024 жылғы қарашада Түркістан облысы делегациясының Корея мемлекетіне сапары аясында өткен бизнес-семинарды ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл іс-шара экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Жарқын мысалдардың бірі – Түркістан облысы әкімдігі мен Кореяның Халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы. Білім беру және технологиялар саласында биыл Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ энергетикалық ынтымақтастық шеңберінде біз «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп, облыста қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысын іске асырып жатырмыз. Өңір табиғи ресурстарға бай және климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Түркістан облысы Корея елімен ынтымақтастықты жалғастыруға және тереңдетуге дайын екенін ерекше атап өткім келеді, – деді.
Өз кезегінде «Dongkwang Corporation» компаниясының төрағасы әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізіп, корпорацияның жұмысымен таныстырды.
Ли Санг Хун
– «Dongkwang Corporation» 30 жылдан астам уақыттан бері экспорт пен логистика саласында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ автокөлік бөлшектері мен жағармай материалдарын жеткізу, кеме бөлшектерін жөндеу, чартер және жеткізу қызметтерімен айналысады. Бүгінде біздің оннан астам елде серіктестеріміз бар. Түркістан облысында да жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді.
Корей халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) – Оңтүстік Кореяның ең ірі іскерлік ассоциациясы. Ол 70 мыңнан астам компанияны біріктіреді. KITA Оңтүстік Кореяның жаһандық сауда компанияларының мүддесін қорғай отырып, оларды практикалық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар сауда саласында ынтымақтастықты дамытуға ықпал етіп, осы саладағы мамандарды даярлайды.
Биыл Түркістанда «C5+Korea» халықаралық форумын өткізу жоспарлануда. Бұл форум Корея Республикасының губернаторлар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылмақ.