АУДАНДЫҚ ӘРІПТЕСТЕРМЕН

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы аудандық және қалалық әріптестерімен кездесті. «Бір ел – бір мүдде» тақырыбын талқылады.
Басқосуда елдегі ауызбіршілік пен бірлікті сақтау, депутаттық корпустың қоғамдық келісім мен этномәдени бірлестіктермен бірлесе атқаратын жұмыстарды дұрыс жоспарлау әрі жүзеге асыру жолдары айтылды. Бұл бағытта мәслихат төрағалары мен депуттарының маңызды рөл атқарады.
Нұралы Әбіш
— Халықтың сенімі мен аманатын арқалау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оған немқұрайлы қарау депутатқа тән қасиет емес. Сондықтан халық қалаулылары барлық істе белсенді болуы тиіс. Себебі әр депутаттың артында оған сенім білдірген сайлаушылары бар. Бір ел — бір мүдде деген сөз тіркесінің өзі осы мағынаны білдіреді. Елдің бірлігі мен ынтымағын бекемдеу әрбір азаматтың парызы, міндеті деп есептеймін. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі Ерлан Қаринмен болған кездесулерде қоғамдағы этносаяси ахуал, ішкі тұрақтылық, келісім, ынтымақтастық құндылықтарын арттыру туралы айтылды. Біз де бұл бағытта үлкен жауапкершілікті сезінуіміз керек. Сондықтан осы бағыттарда жұдырықтай жұмылып бірге нәтижелі жұмыс жасау керек,- деді.
Сондай-ақ, күн тәртібінде елді мекендерге атау беру тәртібі, ескерткіштер қою тәртібі, депутаттардың этикасы туралы да айтылды. Бұл бойынша облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Нұргүл Жақсылықова, тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Омар Жексенбаев және облыстық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Исаевтың баяндамасы тыңдалды.
Сонымен қатар аудан, қалалардағы елді мекендерді сапалы электр энергиямен қамту бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен атқарылатын жұмыстарды үйлестіру, «Жергілікті өзін-өзі басқару институтының тиімділігін арттыру» атты семинар мен Кіші футболдан турнир өткізу туралы мәселелер сөз болды.