«WOOSONG» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ

Түркістанда Президент тапсырмасына сәйкес Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Облыс әкімі халықаралық деңгейдегі университетті ашу жұмыстарын қарқынды жүргізу бойынша жиналыс өткізді.
Нұралхан Көшеров
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында облыс орталығынан «Woosong» университетінің филиалын биыл ашамыз. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тұрақты қадағалап, оқу ордасын ашу ісін жоспарға сай жүргізіңіздер. Бұл – біздің жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік. Білікті профессорлармен, материалдық-техникалық базамен, оқу құралдарымен қамтылуы назарда болсын. Жұмысты сапалы әрі уақтылы атқару қажет.
Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «WOOSONG» білім қоры арасында ақпараттық технологиялар саласында Қазақстанда «WOOSONG» университетін құру туралы былтыр келісілген. Оқу ордасының құрылысын биыл маусым айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90% орындалған.
Филиалдың оқу бағдарламаларын анықтау, ҚР мемлекеттік білім стандарты талаптарына сәйкестендіру, реестрге енгізу жұмыстары жүйеленуде. ІТ университеті 4 факультеттен тұрады және 2340 студентке дейін қабылдай алады деп күтіліп отыр. Студенттер «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші дүниежүзілік ІТ өнеркәсіптік революция (ақылды зауыт)», «Мультимедиа және веб дизайн» факультеттеріне қабылданады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу қарастырылуда. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп жатыр.