ЛОГИСТИКА РЕТТЕЛЕДІ

ҚХР-нан арнайы келген делегация Түркістандағы өндірістік және индустриалық аймақтарды аралап көрді. Облыс әкімі бастаған топпен іскерлік кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді.
Көлік-логистикалық хабын қалыптастыру әрі осы жолдағы проблемаларды шешу Президент тапсырмасы. Осыған байланысты тараптар логистикалық парктердің мүмкіндіктерін зерттеу, Қазақстанның энергетика және тау-кен өндіру секторларын талдау, өңірде бірлескен қойма немесе сауда өкілдіктерін құру жайын талқылады. Инвесторлар жаңа жобалармен таныстырып, өз ұсыныстарымен ой бөлісті.
Нұралхан Көшеров аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетімен таныстырып, екіжақты тиімді байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, берік негізде қалыптасуда. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына сапарым барысында өзіңізбен кездесіп, бірқатар жобаны іске асыру жайын талқылаған едік. Сіздің бүгінгі сапарыңыз Ухань қаласында басталған конструктивті диалогтың және өзара сенімге негізделген серіктестіктің нақты жалғасы деп білемін. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Өңіріміз тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін логистикалық торап ретінде қалыптасуға толық әлеуеті бар. Бұл ретте, авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын орналастыру, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын ашу, өңірде заманауи логистикалық парктер құру, жүк сақтау, сұрыптау, тарату және қайта өңдеу бағытындағы инфрақұрылымды қамтитын кешенді бірлесіп дамытуға дайынбыз. Бұдан бөлек, бірлескен индустриалды аймақты құру екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиімді екенін атап өткен жөн. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік серіктестік құруға, ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастық орнатуға әзірміз, –деді.
Облыс әкімдігі тарапынан барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілмек. Қытайлық делегация екі күндік сапарында Түркістанда құрылысы жүріп жатқан мақта зауытында болды.
Сауран ауданы, Ораңғай ауылындағы арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты. Инвесторларға «Turan» арнайы экономикалық аймағының, өңірдегі инвестициялық алаңдарды қолдау туралы мәлімет берілді. Ресми рәсімдерден соң қытайлық делегация Түркістан қаласына экскурсия жасады.