ПРЕЗИДЕНТ ЖАҢА ӘКІМДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, бірқатар міндеттер жүктеді.
Алматы әкімі алдымен алда атқарылатын жұмыстардың басымдық берілген бағыттары, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму, қала экологиясын оңалту және тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жоспары туралы баяндады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті дамытудың негізгі міндеттерін айқындап берді. Атап айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, қаланың инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту, сондай-ақ жол-көлік желісінің жағдайын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу сияқты бірқатар нақты міндеттер артылды.