КЕЛЕСТЕ ЕКІ СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ

Келес ауданында ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу үшін екі ірі ауыз су қоймасын салу көзделіп отыр. Біріншісі Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумақта сыйымдылығы 20 000 м³ болатын су қоймасы, екіншісі, Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар аумақта сыйымдылығы 600 м³ су қоймасы салынбақшы.

Бұл жұмыстар «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» жобасы шеңберінде жүргізіледі. Жобалау-сметалық құжаттамасын «МПК Проект» ЖШС әзірлеуде. Жоба іске асса Абай ауылы мен оған іргелес екі ауылдық округтің 25 000 тұрғыны тәулік бойы үздіксіз таза ауыз су тұтынатын болады.

 

Келес ауданына қарасты 83 елді мекеннің 64-і ауыз су ішетін көрінеді. Бұл жалпы халықтың 88,4%-ын құрайды екен. Қалған 19 елді мекендегі мәселе кезең-кезеңімен шешілмекші. Оның ішінде, 14 ауылда су нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

 

Жаз маусымында су тұтыну мөлшерінің ұлғаюына байланысты Абай ауылындағы бірқатар мөлтек ауданға ауыз су кесте сәйкес арнайы көліктер тасымалдауда. 4-аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар толық жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Тағы қосымша ауыз су шықпайтын нүктелерде 2 су тазартатын модуль салу жоспарлануда.