ТУРИЗМ ЖӘНЕ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ІСІ

Түркістан облысының әкімі шетелдік инвесторларды қабылдады. Қытайдың Шанхай аймағынан келген делегация өкілдеріне өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.

Нұралхан Көшеров

Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Биыл Шанхай қаласында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық кеңсе ашуға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымызды айтамыз. Бұл – өңір туризмі үшін маңызды қадам. Сіздермен өндірістің сан саласында әріптестік орнатуға дайынбыз. Облыста индустриалды аймақтар, өндірістік парктер, арнайы экономикалық аймақ бар. Ауыл шаруашылығынан бөлек өндіріс, туризм және өзге де бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді.

 

Шанхайлық ірі кәсіпкерлер облысқа қызығушылық жоғары екенін айтып, жобаларды талқылауға дайын екендерін жеткізді. Олар өңірдің туристік орындары туралы Қытайда ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізбекші. Сондай-ақ, инвесторлар алманы терең өңдеп, Еуропаға экспорттау, ұн және наубайхана шаруашылығын дамытып, өз елдеріне экспорттау, түсті металдарды терең өңдеу, киім тоқу саласы бойынша да өндіріс орындарын ашып, бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндіктері барын жасырмады. Тараптар аталған ұсыныстарды зерделеп, тиісті келіссөздерді жалғастыруға келісті.