СҮЙЕК ӨҢДЕЙДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада қалдықсыз өңдеу ісін ілгерілетуді тапсырған. Әлемде бұл технологияны пайдаланатын елдер жетерлік. Қазақстанда енді тек мал терісін емес, сүйегін өңдейтін болады.
Бұл бағыттағы бір жоба Ордабасы ауданында жүзеге асырылады. «Tangshan Huating Ceramics Co., LTD.» компаниясы сиырдың сүйегін өңдеп, пептон, желатин қоспасын дайындайтын зауыт ашады. Қазақстанда инвестициялық жобаның әзірге баламасы жоқ кәсіпорынның капсуласы салынды.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін біз Түркістан облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін аса маңызды жобаның басталуына куә болып отырмыз. Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына инвесторлар тартып, терең өңдеу саласын дамытуды тапсырды. Осы бағытта Түркістан облысында нақты жұмыстар қолға алынып, инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде «Huating Biotechnology Co., LTD.» компаниясымен жаңа зауыт ашу туралы келісімге келдік. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған өңір және аталған саладағы көрсеткіштер бойынша республикада бірінші орында тұр. Дегенмен терең өңдеу саласына әлі де көп жұмыстар атқаруымыз керек. Әсіресе, мал қалдығын өңдеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгін іргетасы қаланатын зауыт осы мәселені шешуге бағытталған. Ірі қара малдың сүйегін терең өңдеп, өнім шығаратын зауыт толық іске қосылғанда 100 адам жұмыспен қамтылады. Мұндай ауқымды инвестициялық жобалар облысымыздың индустриалды әлеуетін көтеріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелдік технология мен тәжірибе енгізіледі. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, ауыл шаруашылығын жаңғырту жолындағы нақты қадам. Осы орайда, жобаны жүзеге асыруды бастаған инвесторларға алғысымды білдіремін. Жаңа технологияларды енгізу арқылы облысымыздың экономикасы көтеріледі. Бастамаға сәттілік тілеймін!
Құны 9 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын 10 гектар жерді қамтиды. Мұнда ірі қара малдың сүйегі өңделіп, желатин өнімдері мен пептон қоспасы дайындалады. 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс қуаттылығы – жылына 5 мың тонна өнім өндіру. Заманауи зауыт 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде.