АЛЮМИНИЙ БҰЙЫМДАРЫН ШЫҒАРАДЫ

Ордабасы ауданында алюминий профильдері шығады. «CENTRAL ASIA ALUMINUM» зауытының ашылуына облыс әкімі мен компания директоры қатысты.
Нұралхан Көшеров
– Бүгін сіздермен ерекше маңызды сәтте жиналып тұрмыз. Өңірімізде заманауи зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта облысымызда нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін ашылған «CENTRAL ASIA ALUMINUM» ЖШС-нің алюминий бұйымдарын өндіру зауытының маңызы өте зор. Жаңа зауытта 200-ге жуық жұмыс орны ашылды, өндірілген өнім экспортқа шығарылады. Зауытта заманауи және инновациялық технологиялар қолданылған. Жоба өңірде өнеркәсіп саласын дамытуға және кіріс көздерін ұлғайтуға ықпал етеді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы — біздің ортақ жетістігіміз. Менің арманым және мақсатым – Түркістанды дотациялық өңір деңгейінен өз бюджетін қамтитын, өндірісі дамыған облысқа айналдыру. Сондықтан облысымызда, оның ішінде Ордабасы ауданында өндірістік жобаларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Баршаңызды зауыттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа кәсіпорын ұжымына табыс тілеймін. Облысымыздың дамуына бағытталған жобаларымыз көп болып, халқымыздың табысы арта берсін!
200 адам жұмыс істейтін өндірістің қуаттылығы – жылына 20 мың тонна. Жобаның алғашқы кезеңіне құйылған инвестиция көлемі 4,4 млрд. теңгені құрайды. Өнімдер толық дерлік экспортқа шығарылады.