3,3 МЛРД ҮНЕМДЕЛДІ

Шымкент қаласында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 40 пайызға азайған. Соның арқасында бюджеттің 3,3 млрд теңгесі үнемделген. Бұл туралы Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау бойынша өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
Биыл атаулы әлеуметтік көмекке 7,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл 4 684 отбасыға арналған қаржы. Мемлекеттік көмек кедейлік шегінен асатын адамдарға шартты немесе шартсыз ақшалай беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың азаюына халық табысының артуы, жұмыспен қамтылуымен және аз қамтылған отбасыларға тұрақты мониторинг жүргізудің нәтижесінде қол жеткен. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында жұмыспен қамтуға бағытталған 150-ге жуық іс-шара өткізілген. 1800 адам 160 кәсіпорынға тұрақты жұмысқа тартылған. Ал, 1500 адам 25 мекемеде уақытша еңбекпен қамтылған.