БАРЛЫҚ БАЛАҒА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛАДЫ

Шымкентте мүгедектігі бар балалар мен қаланың айналасындағы 41 тұрғын алабының оқушылары үйірмелерден шет қалып келген. Қаптаған үйірме мектептері оларды есепке де алмаған. Енді қала басшылығы оқушыларға арналған үйірмелерді барлық балаларға қолжетімді етеді. Ол үшін мәдениет үйлерінде үйірме секциялары ашылады.
Ал, қалада тұратын жасөспірімдер арасында жалғыз өзі 5-7 спорттық секцияларға баратындары табылған. Ал, оқытушылардың ішінде әмбебап болып, 7 түрлі қосымша пәннен сабақ беріп жүргендері анықталған. Бір мойына осынша жүкті артып алса да, нақты нәтижеге жеткендері шамалы.
Қала әкімдігі қосымша білім беретін жекеменшік мектептерге мониторинг жүргізіп көптеген кемшіліктерге көз жеткізіпті. Олардың арасында кәсіпкерлік кодтары бойынша сай келмесе де, балаларға қосымша сабақ үйретумен айналысып кедгендері табылған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Енді жалпы білім беретін орта мектептерде бар пәндер қосымша сабақ тізімінен алынып тасталады. Яғни, ағылшын тілі жекеменшік мектептер мен тіл үйрету орталықтарында қосымша қаржыландырылмайды. Себебі ол пән онсыз да жалпы білім ретінде беріледі.
Сол сияқты жекеменшік мектептерге талап күшейтілмек. Мемлекеттік немесе жекеменшік болса да, балалар ортақ болғандықтан олардың оқып білім алуына, үйірмелерге қатысуына, қауіпсіз ғимараттарда жүруіне жайлы жағдай жасалуы тиіс.
Қала әкімдігі үйірмелерге қатысушы әр шәкіртке 15 мың теңге көлемінде үйірме ақысын бекітіп, ваучері соңынан еріп жүретін жүйе қалыптастыруда. Демек бір балаға бір ваучер берілетін болады.