ЕСКІ ҮЙДЕН ЖАҢА БАСПАНАҒА

Көксай елді-мекенін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгін мұндағы ескі үйлердің тұрғындары жаңа баспаналы болды. 8 отбасыға пәтер кілтін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі табыстады.
Шағын ауданды модернизациялау бұған дейін қағаз жүзінде қалып қойған. Тұжырымдаманың негізгі кезеңі — көппәтерлі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша тұрғындарды ескі үйлерден жаңасына көшіру. Бірінші кезеңде 9 көппәтерлі үйден 83 отбасыға жаңа баспана берілген еді. Жаңа пәтерлердің бөлмелері бұрынғы үйдің бөлме санына сәйкес келеді.
Тұрғындар толық қоныс аударғаннан кейін аудандық әкімшілік ғимаратын, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, әлеуметтік нысандарды, көппәтерлі үйлер мен саябақтарды салу, қолданыстағы мектепті кеңейту, сондай-ақ, көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру жоспарлануда. Шағынауданды жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру кезең-кезеңімен жүргізіледі.