ШЫМКЕНТТЕ ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ
Президент бастамасымен Ұлттық жоба аясында Шымкентте 12 «Келешек мектептері» салынды. Нәтижесінде 17 300 оқушы үшін үш ауысымды мектеп мәселесі түпкілікті шешілді.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.
Ғабит Сыздықбеков
– Биыл бюджет есебінен 4 145 орынды 8 мектеп салынып, 2 мектеп пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп және 1 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда нысан білім басқармасының балансына берілді, қажетті жиһаздармен қамтылуда, – деді.
Президент Жолдауында экономиканың барлық саласына жасанды интеллект енгізіліп, цифрландыру тапсырмасы көтерілген. Осыған байланысты мегаполистегі білім беру саласын цифрландыру мақсатында бірқатар жаңа жоба қолға алынды.
Бірінші. Қалада барлық мектептегі бейнебақылау жүйесі Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, заманауи интеллектуалды жүйе – «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жүйе мектептегі қауіпсіздік, өрт және буллинг жағдайларымен бірге оқушылардың оқу процесіне қатысуын бақылап, тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Екінші. Мектептерде тегін тамақтың берілуін бақылайтын «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі енгізіліп, 2 айда 460 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Үшінші. Қосымша білім беру бойынша шығармашылық және спорттық үйірмелерге «Бір бала – бір орын» қағидатымен бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілді. Бұл жүйе үйірмелер сапасын арттырып, бақылауды күшейтумен бірге 1,8 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Төртінші. Білім беру саласындағы жемқорлық фактілердің алдын алып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық ақпараттық платформаның қаржыландыру процестерін бақылап, қадағалайтын «QARQYN» цифрландыру жүйесі енгізілуде.
