ЕКІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ
Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша биылғы 10 айда Шымкент қаласы экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Атап айтқанда Шымкент 114,8% көрсеткішпен Астана қаласынан кейінгі (119,7%) екінші орынға тұрақтады.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.
Ғабит Сыздықбеков:
– Оның ішінде сауда көлемі – 24,6 пайызға, байланыс – 18,3, өнеркәсіп өнімі – 14,7 пайызға, құрылыс жұмыстары – 7, инвестиция көлемі 4,7 пайызға өсіп, 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мегаполис экономикасы өсімінің драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібін дамыту – негізгі міндетіміз болып табылады, – деді.
Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,5 пайызға өскен. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
