Президент: «2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа жылмен құттықтады.

 

Қымбатты отандастар!

 

Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз.

 

Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен күтеді. Әр адам осы сәтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең әсерлі сәттерін еске алады. Болашаққа жоспар құрып, зор үміт артады.

 

2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты.

 

Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы.

 

Сондай-ақ он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті.

 

Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды.

 

Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды.

 

Әлеуметтік салада көп шаруа жасалды. Жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.

 

Адам құқықтарын қорғауға баса мән беріліп жатыр. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде.

 

 

Мемлекет басшысы: «Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді»

 

Біз мемлекеттік маңызы айрықша «Таза Қазақстан» жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз. Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс.

 

Бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз.

 

«Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа негізделген қоғамдық келісім мен тұрақтылық – барлық жетістігіміздің бастауы.

 

Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа және ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы әрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді.

 

Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тән асыл қасиеттер.

 

Жаңа жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты.

 

Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет.

 

 

Президент Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарға алғыс айтты

 

Қадірлі достар!

 

Дәл қазір Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарымыз бар. Бұл – өз ісіне адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

 

Мен Сіздердің табанды еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Сіздерге арнайы құттықтауымды жолдаймын. Елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген барша азаматқа зор алғыс айтамын.

 

Шын мәнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дейді. Сондықтан берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік.

 

 

Мемлекет басшысы: «Қазір – мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі» 

 

Бүгін осы ерекше сәтте жастар мен балаларға үндеу жолдағым келеді.

 

Қазір – мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі. Әркім, ең алдымен, өзіне, бойындағы күші мен қабілетіне сенуі керек.

 

Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі әрдайым өзекті. Белсенді, білімді, еңбекқор, тәртіпті, ұшқыр болыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Әрқашан алар асуларыңыз биік болсын!

 

Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, амандық және табыс тілеймін!

 

Төрт құбыламыз түгел болсын! Әр шаңырақ жақсылыққа толсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы, Қазақ Елі жасай берсін!

 

Жаңа жыл құтты болсын!