23 ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Шымкентте баспана кезегінде тұрған 23 отбасы бүгін Асар-2 шағынауданында жалға берілетін пәтер кілтіне ие болды. Жаңа үйлер қаланың коммуналды тұрғын үй қорынан беріліп отыр.

Қоныстанушылардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар.

Пәтер кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі табыстады.  Әкім жалға берілетін үйлер қорын кеңейту және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету қалада атқарылып жатқан басым бағыттардың бірі екенін айтты.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да қолжетімді баспана көлемін арттыру және жайлы қалалық ортаны дамыту бағытындағы іс-шараларды кезең-кезеңімен іске асыра бермек.