ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасындағы Украинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Майкомен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңір мен Украина арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелерін жан-жақты қарастырды. Әсіресе өңіраралық ынтымақтастықты күшейту, бірлескен өндірістер ашу, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм бағыттарындағы жобаларды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Облыс басшысы Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығы туралы кеңінен айтып, агроөнеркәсіп кешені мен туризм саласында шетелдік серіктестер үшін мол мүмкіндік бар екенін жеткізді. Аймақ бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Әкімнің айтуынша, Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық қарым-қатынас 1995 жылы құрылған үкіметаралық комиссия аясында тұрақты дамып келеді. Бүгінде елімізде украин капиталы қатысатын 1200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Соның бірі – Түркістан облысында жүзеге асқан «UBC Group» компаниясының өндірістік тоңазытқыш жабдықтарын шығару жобасы. Кәсіпорын жылына 72 мың дана өнім өндіруге қауқарлы.

2018 жылы құрылған Түркістан облысы түркі әлемінің рухани-мәдени орталықтарының бірі саналады. Өткен жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, бұл шешім туризм саласына инвестиция тартуға оң ықпал етті. Аймақ табиғи ресурстарға бай, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы климаттық жағдайға ие. Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі жағынан көш бастап тұр.

2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 10,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 0,5 млн доллар, импорт – 10 млн доллар. Қазақстан Украинаға мұнай өнімдері, металл, химиялық тауарлар, ауыл шаруашылығы өнімдері мен көмір экспорттаса, Украинадан жоғары технологиялық жабдықтар мен дәрі-дәрмек импортталады.

Аймақта инвестициялық жобаларды қолдау үшін 21 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4 мың гектарды қамтитын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Сонымен қатар «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы арқылы кәсіпкерлерге өндірістік нысандарды тиімді шартпен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Кездесу соңында тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаласты. Бұл басқосу өңіраралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге және инвестициялық бастамаларды жандандыруға жол ашады деп күтілуде.