БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕГЕ МӘН БЕРДІ

Облыс әкімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Нұралхан Көшеров өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады.

Аймақ басшысы биылғы алғашқы кездесуді киелі Түркістан жұртшылығымен өткізуді жөн көргенін айтты. Мемлекет басшысы 2026 жылдың қаңтарында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға басымдық бергенін атап өтті. Осыған сәйкес облыс әкімдеріне халықпен тұрақты түрде жүздесіп, мәселелерді ашық диалог арқылы шешу міндеті жүктелген.

Өткен жылғы кездесуде Түркістан қаласына қатысты 17 мәселе көтеріліп, оның 16-сы шешімін тапқан, ал бір мәселе биыл жүзеге асырылады. Тұрғындардың сұранысы бойынша спорт кешендері пайдалануға беріліп, 111 көшеге асфальт төселген. Әкім бұл жетістіктер тұрғындардың белсенділігі мен жергілікті биліктің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін жеткізді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі 526,3 млрд теңгені құрап, 15,5 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,9 млрд теңгеге жетіп, 10,3 пайыздық өсім көрсеткен. Қалада жаңа өндірістік және туристік нысандар іске қосылып, экономикалық әлеует нығая түскен.

Кездесу барысында тұрғындар жерді заңдастыру, тұрғын үй, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, әлеуметтік қолдау, жол сапасы, білім беру, туризмді дамыту және коммуналдық салаға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі әрбір сұраққа нақты жауап беріп, жауапты басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен орындалуы бақылауда болатыны айтылды.

Айта кетейік, облыста инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құраған. Оның 1,1 трлн теңгесі – жеке инвестициялар. Өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджетке түсетін салық көлемі 234 млрд теңгеге ұлғайып, алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті.

Кездесу соңында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, көтерілген мәселелер өз шешімін табатынына сенім білдірді.