ИДЕЯЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР БЕКІТІЛДІ
Мемлекет басшысының қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы аумағындағы қоғамдық-саяси жағдайға арналған кезекті штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев төрағалық етті. Басқосуға аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен салалық басқарма жетекшілері қатысып, бірқатар нақты міндеттер айқындалды.
Отырыста өңірдегі өзекті мәселелер жан-жақты сараланып, қоғамдық келісімді сақтау, ел ішіндегі тұрақтылықты нығайту бағытында ұсыныстар айтылды. Қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, жауапты тұлғаларға түсіндіру жұмыстары жүктелді.
Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының ұлттық бірегейлікті күшейту және қоғам бірлігін сақтау жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, өңірдегі ахуал тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен талаптарына жедел әрі нәтижелі жауап беру – мемлекеттік органдардың басты міндеті екені айтылды. Алдағы референдумға байланысты халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де тапсырылды.
Жиын барысында әлеуметтік желілердегі ақпараттық кеңістікті тұрақты мониторингтеу, жалған мәліметтердің алдын алу және қоғамда кері пікір қалыптастыратын факторларды дер кезінде анықтау мәселелері де сөз болды. Бұл бағытта мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру маңызды екені атап өтілді.
Сонымен қатар идеологиялық ахуалды оңалту мақсатында жастармен, үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен жүйелі кездесулер ұйымдастыру ұсынылды. Патриоттық тәрбие, құқықтық мәдениетті арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жобаларды көбейту қажеттігі айтылды. Ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын жаңғыртып, халықпен тікелей диалог алаңдарын кеңейту де негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.
Мәдени-көпшілік іс-шаралар, ағартушылық жобалар мен өңірлік форумдар арқылы қоғамдағы сенімді нығайту, мемлекеттік саясаттың мәнін түсіндіру және азаматтардың белсенділігін арттыру міндеті қойылды. Әсіресе ауылдық жерлерде ақпараттық қамтуды күшейту, дәстүрлі және цифрлық медиа құралдарын тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Жиын қорытындысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.
