35 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 35 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстады. Шаһар басшысы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Пайдалануға берілген пәтерлер бірінші кезекте әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар жаңа баспанаға ие болды.

Тұрғын үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан. Көп қабатты үйлер қажетті инфрақұрылыммен қамтылған және қоныстануға толық дайын. Осылайша қалада баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.