ШАРУАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК ЖЕҢІЛДІКТЕРДІ АЛУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Түркістанда өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және техникалық жарақтандыру мәселелері бойынша алқалы жиын өтті. Кездесуге Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков, «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» акцонерлік қоғамының басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев арнайы қатысты.

 

Іс-шара барысында көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндіктері, сондай-ақ өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдау шаралары талқыланды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ су тапшылығы сезілетін өңірлерді қолдау мақсатында су үнемдеу бойынша жаңа лизингтік бағдарламаны іске қоспақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне бөлінетін қаржыландыру сомасын ұлғайтты.

 

Түркістан облысы – еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ын өндіреді. Жыл сайынғы өңір өнімдерінің көлемі 1,2 трлн теңгеден асады. Егіс алқаптарының көлемі ұлғайып, жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы және өнімді қайта өңдеу бағыттары жүйелі даму үстінде.

Кездесуде «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері Түркістан облысының фермерлерін қолдаудың қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды.

 

2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «ҚазАгроҚаржы» тарапынан өңір экономикасына шамамен 103 млрд теңге инвестиция бағытталған. Осы кезең ішінде жалпы құны 74 млрд теңге болатын 6800-ден астам техника лизингке беріліп, шаруалар техникалық паркін жаңартып алған.

Компания 2026 жылы Түркістан облысына 19 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 7,1 млрд теңгеге өтінімдер қабылданып үлгерген. Фермерлерге қолжетімді болу үшін компания бірнеше бағытта жеңілдетілген бағдарламаларды ұсынды:

 

— «Жеңілдетілген лизинг»: Сыйақы мөлшерлемесі – 5-6%, мерзімі – 7 жылға дейін, авансы – 0%-дан басталады.

— «Қазақстанда жасалған»: Отандық техника үшін 6%-дық мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі.

— «Өз жем-шөбіміз»: Жем-шөп дайындау техникасына 6%-бен 10 жылға дейінгі мерзім қарастырылған.

— «Агролизинг»: Компанияның өз қаражаты есебінен 12,6%-бен берілетін, субсидияланбайтын техникаларды да қамтитын кең ауқымды бағдарлама.

 

Өңірде суару жүйелерін жетілдіруге басымдық берілген. Қазіргі уақытта «Агролизинг» арқылы мобильді суару жүйелерін 12,6%-бен алуға мүмкіндік бар.  Сондай-ақ, жуырда жаңбырлатып суару машиналарын лизингке беру; инфрақұрылым құруға займдар бөлу, заманауи суару жүйелерін кешенді қаржыландыру бағыттарын іске қосу жоспарланған.

 

Еркебұлан Жұмжаев: 

«Біз Түркістан облысының фермерлеріне қолдау көрсетуді әрі қарай да жалғастыра береміз. Сіздердің еңбектеріңіз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі», – деді.

 

Шаруалар кездесу барысында ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салып, мамандармен пікір алмасты.  Жиынға қатысқан шаруалардың ұсыныстары алдағы даму жоспарларына енгізіледі.