ҮЙ БЕРУДЕ ОТБАСЫ БАНКІ ЖАУАПТЫ

2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй саясатына енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрғын үй кезегін жүргізу және үйлестіру өкілеттігі «Отбасы банк» акционерлік қоғамына берілді. Осыған байланысты баспанаға қатысты өтініштер мен тіркеу жұмыстары енді банк арқылы атқарылады. Кезекте тұрған азаматтар «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинеттеріне кіріп, деректерін өңдеуге келісім беруі қажет.

 

Облыс көлемінде түгендеуден өтуі тиіс 69 119 азаматтың 33 028-і немесе 47,8 пайызы рәсімделген. Арыс қаласы мен Төлеби, Ордабасы, Отырар аудандарында бұл көрсеткіш әлі де төмен. Соңғы ай ішінде Арыс қаласында – 195, Ордабасы ауданында – 188, Созақ ауданында 54 адам түгендеуден өткен.

 

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында тұрғын үй кезегін жүйелеу, пәтерлерді заң талаптарына сәйкес үлестіру, ақпараттық базаларды өзектендіру және жалдау төлемдерін субсидиялау мәселелері талқыланды.

 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәліметінше, қазіргі таңда облыста 113 536 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл – республикадағы жалпы көрсеткіштің 11,1 пайызы. Кезекке тұрғандардың басым бөлігі Түркістан қаласы, Сарыағаш және Төлеби аудандарында тіркелген.

 

«Отбасы банк» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дәурен Мырзатаевтің айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар orken.otbasybank порталы арқылы онлайн тіркеліп, жалдамалы немесе несиелік баспанаға өтініш бере алады. Банк өтініш берушілердің әлеуметтік мәртебесі мен табыс деңгейіне қарай тиісті қолдау тетіктерін ұсынады. Соңғы бес жылда меншігінде тұрғын үйі болмаған, кәмелет жасына толған Қазақстан азаматтары есепке тұра алады. Басымдық жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, көпбалалы және мүгедек балалары бар отбасыларға беріледі.

 

Кезек құрылымында көпбалалы отбасылар (31 830 адам немесе 28%) және І, ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар (8 030 немесе 7,1%) үлесі жоғары. Сондай-ақ жетім балалар – 1 990, мүгедек балалары бар отбасылар – 3 139, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер – 45, жесірлер – 390, өзге елдердегі ұрыс қимылдарының ардагерлері – 61 адам тіркелген.

 

Бұдан бөлек, облыста 1 953 отбасы жалдау ақысын субсидиялау шарасымен қамтылған. 2026 жылға осы мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлу жоспарланған. 2023–2025 жылдар аралығында жүргізілген мониторинг нәтижесінде 6 041 азаматтың өтінімі заң талаптарына сәйкес келмегендіктен тоқтатылды.

 

Жиын қорытындысында тұрғын үй кезегін реттеу, түгендеу жұмыстарын жеделдету және дайын баспаналарды уақытылы әрі ашық үлестіру бойынша нақты міндеттер жүктелді. Аймақта тұрғын үй саясатын тиімді ұйымдастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.