ЖОСПАР БІЗДЕН, ТОЙЛАУ СІЗДЕН
Түркістан облысы орталығында Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар 14 наурызда басталады. Түркістан қаласында халықаралық атшабар ашылып, арнайы киіз үйлер тігіледі. Жалпы, Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланған. Дайындық барысы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Жауапты сала басшыларына мерекені жоғары деңгейде әрі креативті форматта ұйымдастыру тапсырылды.
Жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков, облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл баяндама жасап, дайындық барысы мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Биыл Наурыз мерекесін 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен жолданған нұсқаулыққа сәйкес, мерекені рухани-тарихи елорда мәртебесін айшықтай түсу мақсатында мазмұнды әрі ауқымды форматта өткізу көзделген. Сонымен қатар «Көрісу күні – Амал мерекесі» атауын қоғамдық айналымға енгізу бағытында ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда мерекелік іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленуде.
Мерекелік бағдарлама аясында мәдениет ұйымдары ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи форматта жаңғыртуға бағытталған қойылымдар ұсынады. Сондай-ақ өңірдің цифрлық даму әлеуетін танытатын AI, IT, VR және робототехника салаларындағы жобалар көрсетіліп, мектеп оқушылары мен студенттердің интеллектуалдық еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылады.
Ұлттық спорт түрлерінен бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату сынды дәстүрлі жарыстар өтеді. Сонымен бірге, Түркістан төрінде аламан айтыс ұйымдастырылып, елімізге танымал жұлдыздардың концерттік бағдарламалары ұсынылады. Әртүрлі байқаулар мен фестивальдер, ғылыми-танымдық VR экскурсиялар, интеллектуалдық ойындар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері де көпшілік назарына ұсынылмақ.
Ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған 10 күндік мерекелік іс-шаралар өңірге туристер ағынын арттыруға серпін береді деп күтілуде.
Айта кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 6 наурызда облыс әкімінің қатысуымен «Әлемнің жарығы – Ана» атты салтанатты жиын өтеді. Онда қоғамның түрлі саласында үлгі болып жүрген ардақты аналар марапатталып, құрмет көрсетіледі.
