ІШКІ НАРЫҚТА
Ішкі нарықты қорғау және ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Түркістан облысы аумағында кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы өңірде мемлекеттік бақылау аясында 234 субъект қамтылып, 15 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл мәлімет облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен ахуалдық штаб отырысында жария етілді. Күн тәртібінде 9 мәселе қаралып, тауар сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау, техникалық регламент талаптарының сақталуы, заңсыз әрі сертификатталмаған өнімдердің жолын кесу мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары адам денсаулығы мен қауіпсіздігі әрдайым басты басымдық екенін атап өтті. Оның айтуынша, нарықтағы кез келген өнім белгіленген техникалық регламенттер мен расталған талаптарға толық сәйкес болуы тиіс. Сапасыз және қауіпсіздігі күмән тудыратын тауарлардың саудаға шығуына жол берілмеуі керек. Бұл – ең алдымен халықтың амандығына қатысты мәселе. Осыған байланысты бақылау шаралары жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуі қажет екені ескертілді.
Жиында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаментінің басшысы Әсет Төребаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, тексерулер тұрақты негізде жүргізілуде. Атап айтқанда, техникалық регламент талаптарына сай келмейтін, Өзбекстанда өндірілген «CONCH» маркалы цементіне қатысты Жетісай және Сарыағаш аудандарында 4 жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылған. Нәтижесінде 2 жағдайда өнімнің жалған сәйкестік сертификатымен сатылғаны анықталып, 2 жеке кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынды. Бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар беріліп, 3577 дана цемент өнімін айналымға шығаруға тыйым салынды.
Сонымен қатар кабель өнімдері, салқындатқыш сұйықтықтар, мотор майлары және электрондық сауда алаңдарына мониторинг жүргізілді. Бұдан бөлек, тұрғын үйлердегі жеделсатылардың, ойын-сауық аттракциондарының және балалар ойын алаңдарының талаптарға сәйкестігі сараланып, пайдалану қауіпсіздігі жан-жақты зерделенді.
