ЕРТЕ БАСТАЛҒАН
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруға арналған мәжіліс өтті. Жиынға жауапты басқармалармен қатар Келес, Сарыағаш, Арыс, Сауран, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Бәйдібек және Қазығұрт аудандары әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, аумақтық инспекция жетекшілері мен мамандары қатысты.
Кеңесте зиянкестер таралған аумақтарға жүргізілген талдау нәтижелері қаралды. Фитосанитариялық карта әзірленіп, 65 секторға бөлу келісілді. Мамандардың болжамынша, Арыс, Келес және Сарыағаш аудандарында күбірше тығыздығы өткен жылмен салыстырғанда төмен болуы мүмкін. Дегенмен, олардың таралу аймағы кеңею қаупі бар.
Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, қазіргі таңда «Болжам орталығы» күбіршелерге көктемгі зерттеу жұмыстарын бастады.
Нұрбол Тұрашбеков аудан және қала әкімдіктеріне жүктелетін міндеттерді нақтылап өтті. Атап айтқанда, анықтаушылардың тізімін жасақтау, тасымал көліктері мен қажетті орынжайларды әзірлеу, туындаған мәселелерді шұғыл хабарлау тапсырылды. Сонымен қатар, белгіленген жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді. «Жұмыстың шынайы көрсеткіші – оның нәтижесі», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Химиялық өңдеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау басты назарда болады. Науқан басталғанға дейін барлық анықтаушылар арнайы дайындықтан өткізілуі тиіс.
Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға жер иелеріне өз алқаптарын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі жөнінде хабарламалар таратуды аяқтау тапсырылды.
Өңдеу жұмыстарын ауа райының қолайлығына қарай сәуір айының екінші онкүндігінде бастау жоспарланып отыр.
