ДӘСТҮР ДӘРІПТЕЛДІ
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Түркістан қаласындағы Достық үйі ғимаратында «Кимешек дәстүрі – ұлттың рухани қазынасы, парасаттың айнасы» атты танымдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасы саналатын кимешектің тағылымдық мәнін кеңінен насихаттау, аналардың қоғамдағы рөлін дәріптеу және ұлттық құндылықтарды ұлықтау.
Мерекелік жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректоры Еділ Төлегенов пен Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Шара барысында «Қазақ аналарының көркі – кимешек» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасалып, ұлттық киімнің тәрбиелік әрі рухани маңызы кеңінен талқыланды. Университет психологы Ләззат Мырзашева кимешектің ананың парасаты мен болмысының айнасы екенін атап өтті. Ұлттық дәстүрді сақтаудағы аналардың айрықша рөлі, бірлік пен келісімнің маңыздылығы айтылды.
Мерекелік бағдарламаны «Шежіре» және «Әжелер» ансамбльдерінің әсерлі өнер көрсетулері мен Шахмардан Бекарысұлының аналарға арналған ән шашуы көркемдей түсті. Сонымен қатар шараға қатысқан нәзік жандыларға гүл шоқтары табыс етілді.
Айта кетейік, тағылымды кешке облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы құрылым өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі, студенттік Ассамблея мүшелері, жоғары оқу орнының студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Тағылымды басқосу ұлттық дәстүрді дәріптеп, аналар мәртебесін асқақтатқан мазмұнды әрі рухани кешке айналды.
