200 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ОРТАҚ ПАЙДАЛАНЫМҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 млн 527,3 мың гектар, елді мекендер жері – 807,8 мың гектар, өнеркәсіп жерлері – 140,4 мың гектар, ерекше қорғалатын аумақтар – 431,4 мың гектар, орман қоры – 3 млн 29,87 мың гектар, су қоры – 134,6 мың гектар және қосалқы жерлер – 2 млн 539 мың гектар.

Ерғали Аманкелдіұлының сөзінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары екі бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыт – министрлік бекіткен жоспар аясында жүзеге асырылуда. Осы жоспар бойынша 129,9 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 118,1 пайызға орындалған.

Екінші бағыт аясында өңірде ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу үшін арнайы жұмысшы топ құрылған. Жүргізілген талдау нәтижесінде аудан-қала әкімдіктері бойынша 3 960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылымында мал басының тіркелмегені анықталған. Соның нәтижесінде 225,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 100,5 пайызға орындалды. Ал биыл 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, өңірдегі аудан-қала әкімдіктері бойынша 1 542 жер пайдаланушының 302,4 мың гектар жерді мақсатына сай пайдаланбағаны анықталып, тиісті хабарламалар берілген.

Елді мекендерді қоғамдық жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында 2021–2025 жылдар аралығында 1 176 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 950,3 мың гектары ауылдық округ әкімдіктеріне ортақ пайдаланымдағы қоғамдық жайылым ретінде берілген.

Бұдан бөлек, өткен жылы аудан-қала әкімдіктері 12 конкурс өткізіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 129,3 мың гектар жерді айналымға енгізді. Ал биыл 146,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін айналымға қосу жоспарланып отыр.

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мәлімдеді.