САПАЛЫ БІЛІМ — САНАЛЫ ҰРПАҚ
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен мәжілісте білім саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға салалық басқарма басшылары, жауапты департамент өкілдері, сондай-ақ аудан, қала әкімдері селекторлық режимде қатысты. Өңір басшысы жауаптылардың есептерін тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Нұралхан Көшеров:
– Барлық нәрсе іргетастың беріктігіне байланысты. Бірінші кезекте педагогтар даярлайтын оқу орындарына мониторинг жасалуға тиіс. Қай оқу орнының түлектері білім дәрежесін бақылайтын сынақтардан жиі сүрінсе, сол оқу ордалары туралы ұсыныс берілсін. Егер жас маман сапалы білім алмаса, білікті маманға айнала алмайды. Білім саласындағы қызметкерлердің біліктілігін көтеруге басымдық берген жөн. Сондықтан Түркістан облысында білім сапасын көтеру бағытында арнайы жоспар әзірлеп, тиісті жұмысты күшейтіңіздер. Білім инфрақұрылымы жақсарып, жаңа мектептер ашылуда. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен ұстаздардың еңбекақысы жақсара түсті. Ендігі кезекте білім сапасын жақсарту қажет. Жауапты басқарма, департамент, білім бөлімдері жанашырлықпен іс атқарып, жұмысты ширатуы керек. Білім саласын цифрландыру бағытында да нақты тірлік атқарылсын, – деді.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы, кадр сапасы және ваучерлік қаржыландыру тетігінің тиімділігі туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, облыста 1 438 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 78 пайызы – жекеменшік секторда. 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 99,6 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен жоғары. Мемлекеттік тапсырыс 1 406 балабақшада 153 мыңнан астам орынға орналастырылған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда 13 380 педагог еңбек етеді. 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау талаптары енгізіледі. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылғалы балалар контингенті 2 306-ға қысқарып, 2025 жылғы мониторинг нәтижесінде 3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. Балалардың қатысуын автоматты есепке алу мақсатында Face ID жүйесін енгізу басталды. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жөндеу көрмеген және жеке ғимараты жоқ мекемелер мәселесін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шешу ұсынылды.
Өңірде 1 116 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 938-і мемлекеттік, 178-і жекеменшік. Соңғы үш жылда мектеп жасындағы балалар саны 2 мыңға жуық өсіп, 554 236-ға жетті. 2024-2025 жылдары 22 900 орындық 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Мектептерді жаңғырту жобасына 115 мектеп енгізіліп, 2025 жылы 41 мектепке 19,3 млрд теңге бөлінді. 26 нысан пайдалануға берілсе, 15 мектеп 2026 жылға өтпелі. Биыл тағы 38 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр.
Білім сапасына тікелей әсер ететін негізгі фактор – кадр әлеуеті. 2023 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыстан 69 педагог резервке алынып, оның 58-і басшылық қызметке тағайындалды. 2025 жылы тағы 56 үміткер даярланып, қазіргі таңда олардың төртеуі директорлық қызметке кірісті. Облыста 66 943 педагог еңбек етеді, олардың 94 пайызы жоғары білімді. Дегенмен жоғары санатты педагогтердің үлесі төмен деңгейде қалып отыр.
Жүргізілген талдау инфрақұрылымды дамыту білім сапасын арттыруға жеткіліксіз екенін көрсетті. Осыған байланысты кадр резервін әлсіз мектептерге бағыттау, педагогтерді қайта даярлау және қайта бағалау жүйесін енгізу, төмен нәтиже көрсеткен аудандармен жеке жұмыс жүргізу, директорлар корпусын кезең-кезеңімен жаңарту ұсынылды.
Өңірде білім беру жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған «TURKISTAN JANA MEKTEBI» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында 3 000 педагог пен 50-ден астам мектеп басшысы MBA бағдарламасы бойынша оқытылып, нәтижеге бағытталған басқару моделіне көшу көзделіп отыр.
Жиын қорытындысында облыс әкімі мектепке дейінгі білім беру жүйесінде кадр сапасын арттыру, жекеменшік секторды тиімді реттеу және ваучерлік қаржыландыру тетігін жетілдіру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
