ГРУЗИЯМЕН ӘРІПТЕСТІК СЕРІКТЕСТІК НЫҒАЯДЫ
Нұралхан Көшеров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Леван Диасамидзе – Грузияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісімен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда, инвестиция, туризм және мәдени байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы кездесуде Түркістан облысы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын айтып, облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, облыс 2018 жылы құрылған және бүгінде түркі әлемінің рухани-мәдени орталықтарының бірі саналады. Ал облыс орталығы – Түркістан қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Қалаға ерекше мәртебе берілуі туризмнің дамуына және инвестиция тартуға жаңа мүмкіндік ашқан.
Нұралхан Көшеров:
– Өңір табиғи ресурстарға бай. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы республикада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша көш бастап келеді. Сонымен қатар өңір еліміз бойынша ірі қара мал етінің 80%-ын және ұсақ мал етінің 75%-ын экспорттай отырып, ет өнеркәсібінде жетекші орынға ие. Бүгінде облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сондай-ақ аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға салықтық жеңілдіктер қарастырылып, жобаларды тиімді іске асыруға қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, өндірістік нысандарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі бар шағын өнеркәсіптік парктер жүйелі түрде дамытылуда. Түркістан облысы еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі саналады. Аймақта тарихи-мәдени ескерткіштермен қатар, көркем табиғи ландшафттар мен сауықтыру кешендері орналасқан. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Туристік инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Өндіріс, туризм саласында әріптестік орнатып, жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді.
Өз кезегінде елші Леван Диасамидзе Түркістанға алғаш рет келгенін айтып, қаланың сәулеті мен тарихи орындарына жоғары баға берді.
Леван Диасамидзе
– Түркістан ерекше сәулетті қала екен. Ұнады. Елші ретінде қызметке кіріскен соң Қазақстанның өңірлерімен танысып жүрмін. Грузия мен Қазақстан – өте жақын әрі бауырлас мемлекеттер. Мәдени, экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Ұсыныстар болса, қарастырамыз. Осы бағытта көмектесуге дайынмын. Біздің елімізге Қазақстаннан туристер көп келеді. Бұл салада да әлеуетті көтеруге болады, – деді.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 184,5 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 91,1 млн АҚШ доллары, импорт – 93,4 млн АҚШ доллары). Ал Түркістан облысы мен Грузия арасындағы тауар айналымы 0,5 млн АҚШ долларына жетті (экспорт – 0,4 млн АҚШ доллары, импорт – 0,1 млн АҚШ доллары). Бүгінде Қазақстанда грузин капиталының қатысуымен 250-ге жуық компания жұмыс істейді.
Қазақстан Грузияға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін, металлургия және өнеркәсіп тауарларын экспорттайды. Ал Грузиядан минералды және ауыз су, шарап, дәрі-дәрмек және басқа да тауарлар импортталады.
Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.
