ЕҚЫҰ-мен УАҒДАЛАСТЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Роговпен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықты кеңейту, экологиялық жобаларды қолдау және тұрақты даму бағытындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, инвестициялық әлеуеті мен өндірістік мүмкіндіктеріне тоқталды. Әсіресе ет, мақта және жүгері бағытындағы кластерлік жобалардың маңызы ерекше екені атап өтілді. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді жолға қойып, экспорт көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Нұралхан Көшеров халықаралық ұйымдармен серіктестікті дамыту өңірдің тұрақты әрі жүйелі дамуына оң әсер ететінін жеткізді.
Өз кезегінде Алексей Рогов Түркістан өңіріне алғаш рет келгенін айтып, аймақтың қарқынды дамуына жоғары баға берді. Ол тарихи-мәдени мұрасы бай, сонымен қатар заманауи келбеті қалыптасып келе жатқан Түркістанның ерекше әсер қалдырғанын атап өтті. Сондай-ақ экология және тұрақты даму бағытындағы жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады.
