ЖЕР ДАУЫН ЖЕТКІЗДІ

Түркістан облысында тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Ашық әкімдік» кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Түркістан қаласының тұрғыны үйіргелік жерді заңдастыруға көмек сұраса, Қасымбек датқа және Сарыарық ауылдарының шаруалары өндірістік кооператив мүшелерінің жер үлесіне қатысты шағымданды. Ал, Сайрам ауданынан келген азаматтар мемлекеттік мұқтаждық үшін қайтарылған жерлерінің өтемақысы әлі төленбегенін жеткізді.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жер үлесіне қатысты жағдай зерделеуге ұсынылды. Ал, Сайрам ауданындағы өтемақы мәселесі бюджет нақтыланған кезде аудан әкімдігінің өтініміне сәйкес қаралады.

Өңірде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдау тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облыс әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кездеседі.

Жеке қабылдауға жазылу Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі арқылы жүргізіледі. Тұрғындар қабылдауға eGov.kz порталы, e-Otinish жүйесі немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп жазбаша өтініш беру арқылы тіркеле алады. Азаматтардың өтініштері жерде қалмайды, заң аясында өз шешімін табады.