БИЫЛ 1,2 млн м2 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК
Астанада өткен Үкімет отырысында азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру жолдары қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғын үй беру жоспарларын дұрыстап орындауды тапсырды.
Олжас Бектенов:
— Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Бұл ретте қалаларда қолайлы, жайлы ортаны қалыптастыруға көңіл бөлу керек. Мектептер мен балабақшалар, ауруханалар жақын әрі қолжетімді болуы тиіс. Тиісті инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да озық қарқынмен жүруі керек.
Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек, — деді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Бәйтерек» холдингі әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды іске асырады.
Биыл Түркістан облысында 1,2 млн м2 астам тұрғын үй салынады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында 1 млн 235,9 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі мәлімдеді.
Нұралхан Көшеров:
— 2026 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жоспары 1 млн 250 мың шаршы метр болып бекітілді. Оның 70%-ы жеке тұрғын үй және 30 %-ы көпқабатты тұрғын үй есебінен жүзеге асырылатын болады — деді.
