IT-КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады.  Осыған сәйкес еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыруға, цифрлық трансформацияны жеделдетуге және жасанды интеллектті кеңінен енгізу тапсырылды.

Кентау политехникалық колледжі базасында студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытуға және еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға арналған заманауи IT-кабинет ашылды.

Іс-шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов алдымен оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Колледжде сапалы білім беру үшін барлық жағдай заман талабына сай жасақталғаны атап өтілді.

Жаңа IT-кабинет заманауи компьютерлік техникамен, қажетті бағдарламалық жасақтамамен және білім алушылардың бағдарламалау, цифрлық технологиялар мен практикалық дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретін оқу ресурстарымен толық қамтамасыз етілген. Бұл студенттерге цифрландыру дәуірінде сұранысқа ие білім мен біліктілікті игеруге жол ашады.

2026 жыл – Жасанды интеллект жылы аясында бұл кабинет білім беру процесіне ІТ және жасанды интеллект элементтерін енгізуге, студенттердің жобалық жұмыстарын дамытуға, кәсіби байқауларға дайындауға және заманауи зияткерлік жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Колледж әкімшілігінің мәліметінше, жаңа IT-кабинет цифрлық білім беру бағдарламаларын іске асырудың негізгі алаңына айналып, әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен ІТ және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Кентау политехникалық колледжі – техникалық және өндірістік бағыттар бойынша мамандар даярлайтын өңірдегі жетекші кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі. Білім ордасы заманауи технологияларды енгізіп, материалдық-техникалық базасын жүйелі жаңғыртып, әлеуметтік әріптестік байланыстарды дамытып келеді. Сонымен қатар, дуальді оқыту жүйесінің элементтері енгізіліп, Alageum Electric кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатылған.

Қазіргі таңда колледжде 800-ден астам студент 11 мамандық пен 20 біліктілік бойынша білім алуда. Білім беру процесін 60-тан астам жоғары білікті педагог қамтамасыз етеді.