АТШАБАР АШЫЛДЫ

Түркістанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі сән-салтанатымен өтіп жатыр. Жаңадан салынған заманауи атшабар ресми түрде ашылды.

Наурызнама онкүндігі аясында әлемдік деңгейде ұлттық спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып, ат тұяғы тиіп те үлгерді. Наурыз мейрамы да атшабарда өтті. Мыңдаған көрерменмен бірге думанды кешті  Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те тамашалап, тұрғындарды әз-Наурызбен құттықтады.

Нұралхан Көшеров:

Қадірлі Түркістан жұртшылығы және қонақтар! Баршаңызды ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – табиғат пен тіршіліктің ғана емес, адамзат баласының жан дүниесі жаңғыратын, көңілге шуақ, жүрекке жылу ұялайтын қасиетті кезең. Осынау ұлттық болмысымызды дәріптейтін мейрамды Түркі әлемінің рухани темірқазығы – киелі Түркістан төрінде қарсы алып отырмыз. Түркістан – қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі, ұлттық рухымыздың асқақ символы. Осында мәңгілік тыныс тапқан ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи – адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды дәріптеген дара тұлға. Бұл қасиетті топырақта қазақ халқының елдігін қалаған хандар мен сұлтандар, билер жерленген. Бүгінде Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, оның дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Биыл осы мемлекеттік қолдаудың арқасында Түркістан төрінде заманауи атшабар ашылып отыр. Халықаралық деңгейдегі бұл нысанда ұлттық спорт түрлерінен әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде Түркістан атшабарында онға жуық ұлттық спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастырылуда.

Ал бүгін көкпардан әлем чемпионы анықталды. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Жаңа атшабар ел спортының дамуына серпін беріп, чемпиондарды тәрбиелей берсін! Ардақты ағайын! Кеше ғана қабылданған жаңа Конституция – еліміздің дамуының жаңа белесін айқындайтын маңызды құжат. Бұл құжатта әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әр азаматтың құқықтарын қорғау басты назарға алынған.

Ата Заң – мемлекетіміздің берік тұғыры, тәуелсіздігіміздің кепілі. Қадірлі ағайын!

Наурыз – жаңғыру мен тазалықтың бастауы. Түркістанның төріндегі осы берекелі жиында әр шаңыраққа ырыс пен бақ-береке тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыздың көк туы мәңгілік желбірей берсін! – деді.

 

Атшабар – тек спорттық нысан емес, ұлттық дәстүр мен мәдениетті жаңғыртатын, халықаралық деңгейде ірі шараларды өткізуге арналған. Заманауи талаптарға сай салынған алаңда ұлттық ат спорты ойындары, мәдени фестивальдер мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге толық жағдай жасалған. Түркістанның тағы бір туризм және мәдени орталық ретіндегі әлеуетін арттыратын жоба.

Мерекелік кеште әр ауданның шығармашылық ұжымдары ұлттық ән-күй мен заманауи туындыларды үйлестіре отырып, көрермен ықыласына бөленді. «Қош келдің, көктем» театрландырылған қойылымы ұсынылды.

Гала-концертте әнші Ернар Амандық, Ізбасар Кеңесов, Қазыбек Құрайыш, Артур, Әлем және облыстың өнерпаздары өнер көрсетті. Кеш соңы бұрын-соңды Түркістанда болмаған отшашу шоуымен тәмамдалды.