ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды және шикізатты терең өңдеу ісін ілгерілетуді тапсырған. Агроөнеркәсіптік кешен мен оның өңдеу қуаттылығын арттыру Түркістан облысында стратегиялық басымдықтардың бірі.
Өңірде толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру шеңберінде бірнеше жоба іске қосылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданында ақ алтынды өсіру және өңдеп жатқан зауыттардың тынысымен танысты.
«Түркістан тоқыма» ЖШС-нің №1 мақта өңдеу зауытына барып, жұмыс барысын бағамдады.
Жоба құны: 4,37 млрд теңге;
Жалпы аумағы: 66,5 гектар;
Өндірістік қуаттылығы: жылына 90 мың тонна шикі мақта өңдеу.
Нұралхан Көшеров мақта шикізатын терең өңдеудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай зауыттар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті ұштастыра отырып, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға және аймақ экономикасын нығайтуға сеп болады.
Ал, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» өз жұмысында озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізген. Қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта егілген. Бұл тәсіл су тапшылығы мен климаттық өзгерістер кезеңінде тиімділікті еселеп арттыруға мүмкіндік береді.
Кешеннің басты ерекшелігі — жасанды интеллект (AI) жүйесімен жабдықталуында. Онда ақылды басқару орталығы арқылы:
Егіс алқаптары мен зауыт жұмысы онлайн режимде қадағаланады.
Технологиялық процестер автоматты түрде реттеледі.
Қауіпсіздік пен сапа бақылауы үздіксіз жүргізіледі.
Кәсіпорын жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасалған. 700 адамға арналған жатақхана мен асхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, компания 280 метр тереңдіктен жеке ауыз су жүйесін тартып, күніне 4 мың адамды таза сумен қамтамасыз етуге қауқарлы жүйе жүргізген.
Дайын өнімді сақтау үшін сыйымдылығы 20 мың тонналық заманауи қойма салынған. Алдағы уақытта мұнда өңделген мақта Түркістан қаласындағы фабрикаларда жіп пен матаға айналып, кейіннен Еуропа мен Қытай нарығына экспортқа шығарылады деп жоспарлануда.
Жасанды интеллект пен тамшылатып суарудың нәтижесінде жылына 90 мың тонна ақ алтын өндіруге қол жеткізді. Бұл Президент тапсырған цифрландыру жүйесінің жемісі.
