КІТАП ОҚЫП, ШАХМАТ ОЙНАП КЕТЕСІЗ
Шымкенттегі дендрологиялық саябақта енді кітапхана бар. Жасанды көл маңындағы бұрынғы ескі ғимарат қайта жаңғыртылып, орнына заманауи кітап оқу залы мен шахматшылар үйіне айналды.
Нысан демеушілердің есебінен күрделі жөндеуден өтті. Енді саябаққа келушілер тек серуендеп кетпей, бос уақытын пайдалы білімге де жұмсайды. Өйткені кітап оқу зейінді ашса, шахмат ойнау ойлау қабілетін дамытады.
Ауданы 280 м² кітапхана қоры 5 мыңнан астам әдеби, ғылыми және психологиялық бағыттағы еңбектермен жарақталған және жанында 180 м² ашық терраса орналасқан. Мұнда зияткерлік демалысқа да ерекше көңіл бөлініп, шахмат ойнауға арналған арнайы 50 м² алаң бөлінген.
Жаңалық қазірдің өзінде қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше қызықтырып тұр. Бұл жоба – мегаполистің мәдени-демалыс және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
