«TURǴYNDAR AMANATY» ЖОБАСЫ: ҮЙ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕ НЕ ӨЗГЕРДІ?
Елімізде тұрғын үй қорын басқару жүйесін кешенді түрде жаңғырту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында да кеңінен қамтылған. Осыған сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалауға бағытталған нақты шаралар қабылданып, басқарудың жаңа үлгісі енгізілді.
▪️2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді тұрғындар басқару тәсілін өздері айқындай алады. Атап айтқанда, мүлік иелері бірлестігі арқылы басқару кезінде тұрғындар ортақ мүлікті күтіп-ұстауға жауапты төрағаны сайлайды. Ал тікелей бірлескен басқару нысанында тұрғындар заңды тұлға құрмай-ақ, шешімдерді өзара қабылдайды. Бұл модельдер қарапайым серіктестік қағидаттарына негізделгенімен, қатысушылар санына шектеу қойылмайды.
Осы бағыттағы жаңашылдықтар мен саланы дамыту мәселелері «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде өткен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбындағы семинар-форумда кеңінен қаралды. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров жетекшілік етіп, партия хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов, облыстық филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, қала әкімдері мен салалық басқарма басшылары, депутаттар және сала мамандары қатысты.
Тұрғын үйді тиімді басқару – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселе.
Нұралхан Көшеров:
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «AMANAT» партиясы барлық өңірлерде «TURǴYNDAR AMANATY» пилоттық бастамасын іске асыруды бастады. Жобаның басты мақсаты – тұрғын үйлерді тиімді басқару, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыру. Бүгін біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маңызды мәселелерді талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Бүгінгі күнге, облыс аумағында 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй коммуналдық меншікте. Облыс орталығы – Түркістан қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді мүлік иелерінің басқару моделіне көшіріп, сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облыс орталығында 4 басқарушы компания мен 7 сервистік қызмет көрсету мекемелері тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп келеді. Бұл ретте «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және тиімді шешімдер қабылдау үшін маңызды мүмкіндік», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде жобаның негізгі мақсат-міндеттерін түсіндіріп, оның тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы рөліне тоқталды. Ол коммуналдық қызметтер, тарифтер, қауіпсіздік, жарықтандыру және инфрақұрылым мәселелерін жүйелі шешуге мүмкіндік беретін жаңа тәсілдер енгізіліп жатқанын жеткізді.
Ержан Жылқыбаев:
— «AMANAT» партиясының бастамасымен өңірлерде көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылды. Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мысалы, облыс орталығы – Түркістан қаласында жаңа шағынаудандардың іргесі қаланып, 422 тұрғын үй бой көтерді. Осы үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері және пәтер иелерінің кооперативтері жүйелері енгізіліп, тұрақты түрде қызмет атқарып отыр. Біз бүгін Түркістан облысында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы пилоттық жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осыған орай біз Түркістанда бұл жұмысты жалғастырып отырмыз. Себебі сіздер күн сайын тұрғындармен тікелей байланыста болып, олардың нақты сұраныстарын жақсы білесіздер. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кері байланыстарыңыз маңызды рөл атқарады.
Жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, қалалық кеңестер құру, тұрғындармен кері байланысты күшейту, абаттандыру жұмыстарын жүйелеу, «Таза Қазақстан» акциясын қолдау және халық қатысатын бюджет тетіктерін енгізу көзделген. Сонымен қатар, саладағы кадрлық әлеуетті нығайту және фронт-офистер ашу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қазіргі жағдайы туралы баяндап, 1877 көппәтерлі тұрғын үйдің 199-ында мүлік иелері бірлестіктері, 10-ында пәтер иелері кооперативтері құрылғанын айтты. Сондай-ақ, 550 тұрғын үй тікелей бірлескен басқару жүйесіне көшкен.
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов өз сөзінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Байтілесов:
— Мемлекет басшысының саяси тірегі ретінде «AMANAT» партиясы, барлық бастамаларды өңірлерде іске асыруға, халыққа түсіндіру және ашық талқылау жұмыстарын жүргізуге ерекше мән беріп келеді. Бұл қабылданған шешімдердің нақты нәтижеге жетуінің маңызды шарты. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Инфрақұрылымды басқарудың тиімді, ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы міндеттер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңы аясында жүйелі түрде іске асырылуда. Аталған заң 2025 жылы 15 шілдеде қабылданды, 15 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бұл өзгерістер тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ережелерді түбегейлі жаңартып, жаңа талаптар мен жауапкершілік деңгейін қалыптастырды. Бұл тек салалық реформа емес, бұл әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін жүйелі өзгеріс. Бүгінде біз тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік деңгейін күшейту және шаруашылық басқаруды жетілдіру бағытында кешенді жұмыстардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Алайда бұл бастамалар тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмеуі тиіс. Олар адамдардың өз ортасына деген жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін арттыруға негіз болуы маңызды.
Сала өкілдері тұрғын үй инфрақұрылымын жаңарту, коммуналдық қызмет сапасын арттыру және басқару тиімділігін күшейту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, қаржылық ашықтық, салық тәртібі және басқарушы ұйымдардың жауапкершілігі мәселелері де көтерілді.
Форум барысында қатысушылар тариф саясаты, салық жеңілдіктері, басқарушы компаниялардың біліктілігін арттыру, тұрғындардың ұсыныстарын жинақтайтын бірыңғай ақпараттық жүйе құру, сондай-ақ жаңа тұрғын үйлердің сапасына қойылатын талаптарды күшейту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Жиын ашық диалог форматында өтіп, саладағы түйткілдер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тиімді шешімдер ұсынды. Бұл алаң тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етті.
Өңірде көпқабатты тұрғын үйлер негізінен Түркістан, Арыс, Кентау, Леңгір, Жетісай, Сарыағаш қалаларында шоғырланған. 2025 жылы партия филиалына түскен 15 687 өтініштің 6 314-і (40,2%) тұрғын үй-коммуналдық салаға қатысты болса, 2026 жылдың І тоқсанында қаралған 3 310 өтініштің 1 437-сі (43,4%) осы бағытқа тиесілі.
Бұл көрсеткіштер аталған саланың өңір тұрғындары үшін өзектілігін айқындайды. Осы тұрғыда өткен семинар-форум тұрғын үй қатынастары жүйесін жетілдіруге, өзекті мәселелердің тиімді шешу жолдарын айқындауға бағытталған маңызды алаң болды.
