ЭКОПАРК ЖОБАСЫ АУАНЫҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫН АШАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалалар мен облыс орталықтарының айналасында экологиялық аймақтар қалыптастыруды тапсырған. Осы бастама аясында Түркістан облысында экопарк құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аймақ әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласы маңында жоспарланған экопарк аумағына арнайы барып, тиісті сала мамандарымен бірге жобаның жүзеге асу барысын талқылады.

Жобаға сәйкес, биыл Түркістан қаласында көлемі 50 гектар болатын экопарк салу көзделген. Демалыс аймағы «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тиесілі жерде орналаспақ. Экопарк аумағында 10 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жергілікті климатқа бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік секілді ағаш түрлеріне басымдық беріледі.

Қазіргі уақытта аумақты абаттандыруға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тазалық шаралары ұйымдастырылып, болашақ демалыс орнының инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл жұмыстарға 150-ге жуық адам мен 10 бірлік техника жұмылдырылған.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар, халықаралық әуежайға апаратын жол бойындағы көгалдандыру жұмыстарының барысын да назарда ұстап, тиісті тапсырмалар берді. Жалпы, облыста көгалдандыру және абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жалғасады.

Мұндай экологиялық жобалардың өңір үшін маңызы зор. Ең алдымен, экопарк қаладағы жасыл желек көлемін арттырып, ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп шығару арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, жасыл аймақтар жаз мезгіліндегі аптап ыстықты бәсеңдетіп, қала микроклиматын реттейді.

Экопарктер тұрғындар үшін жайлы демалыс орындарын қалыптастырып қана қоймай, халықтың денсаулығын жақсартуға да оң әсер етеді. Жасыл ортада серуендеу жүйке жүйесін тыныштандырып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, орман алқаптары мен көгалдандырылған аумақтар шаң-тозаңды азайтып, жел эрозиясының алдын алады.

Сондай-ақ, мұндай бастамалар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты қорғау ісіне тұрғындарды кеңінен тартуға жол ашады.