СОЗАҚТА ЖАСЫЛ СЕРПІЛІС

Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылдық округінің Балдысу елді мекенінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, күре жол бойында «Жасыл белдеу» қалыптастыру бастамасы қарқын алып, жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуымен іске асырылуда.

Жоба аясында жолдың бір қапталына қылқан жапырақты ағаштар, екінші бетіне жапырақты тал көшеттері отырғызылды. Алдағы кезеңде аумақты жеміс ағаштарымен толықтыру көзделген. Егілген көшеттерді сақтау және күтіп-баптау мақсатында арнайы қоршаулар орнатылып, инфрақұрылымдық жағдайлар жасалуда. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, оның ішінде тамшылатып суару жүйесін пайдалану жоспарланып, осы бағытта ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілген.

Аталған игі бастамаға ауыл тұрғындары, оның ішінде аға буын өкілдері мен жастар белсене қатысуда. Бұл өз кезегінде қоғамдық жауапкершілікті арттырып, туған жерді абаттандыру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.

Бүгінде бұл жоба Балдысу елді мекенімен шектелмей, Абай және Қарабұлақ ауылдарында да жалғасын табуда. Аталған елді мекендерде де кіреберіс жолдар бойын көгалдандыру, қоршау орнату және түрлі ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары қолға алынған.

Айта кету қажет, «Жасыл белдеу» жобасы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен 2022 жылы Шолаққорған–Түркістан бағытындағы автожол бойында бастау алған. Содан бері жоба ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл қосымша 3 шақырым аумақ қамтылып, 6000-ға жуық көшет отырғызылды.

Қазіргі таңда жасыл белдеудің жалпы ұзындығы автожолдың екі қапталын қамти отырып, 15 шақырымға жетті. Жалпы саны 30 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта көгалдандыру аймағын Қаратау баурайына дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Жалпы, жасыл желектерді көбейту – экологиялық ахуалды жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі. Ағаштар ауа құрамындағы зиянды заттарды сіңіріп, оттегін бөліп шығарады, жел мен шаңның әсерін азайтады, сондай-ақ климаттың жұмсаруына ықпал етеді. Сонымен қатар көгалдандырылған аумақтар тұрғындар үшін қолайлы микроклимат қалыптастырып, елді мекендердің көркі мен өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, «Жасыл белдеу» жобасы өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын маңызды бастамаға айналып отыр.