КӨМІРДЕН ГАЗҒА КӨШУ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында жылыжай шаруашылығының қарқынды дамуына байланысты экологиялық талаптарды сақтау мәселесі өзекті бағыттардың біріне айналды. Әсіресе қыс мезгілінде жылыжайларды көмірмен жылыту тәжірибесі ауа сапасына кері әсерін тигізіп, зиянды шығарындылардың артуына себеп болуда. Осыған байланысты өңірде жылыжайларды экологиялық тұрғыдан тиімді отын түрлеріне көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданында жылыжай иелерімен өткен кездесуде бұл мәселеге ерекше назар аударып, кәсіпкерлерді қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Аймақ басшысы саланың тұрақты дамуы экономикалық табыспен қатар экологиялық қауіпсіздікке де тікелей байланысты екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

Жылыжай – тек табыс көзі ғана емес, үлкен жауапкершілік. Көмірден бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортаға да, тұрғындардың денсаулығына да кері әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлер бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қарастырылған. Субсидия, жеңілдетілген несие, энергия шығындарын өтеу мүмкіндіктері бар. Ең бастысы – әрбір кәсіпкердің экологиялық жауапкершілікті сезінуі. Табиғи газға көшу, түтін сүзгілерін орнату – уақыт талабы. Біз тек бүгінгі табыс үшін емес, келешек ұрпақтың амандығы үшін де жұмыс істеуіміз қажет, – деді.

Бүгінде өңір республикадағы жылыжай шаруашылығының жетекші өңірлерінің бірі болып саналады. Жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 жылыжай кешені халықты жұмыспен қамтып, ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.

Сарыағаш ауданында 2183 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде едәуір бөлігі көмір отынын пайдаланады, ал табиғи газбен жұмыс істейтін жылыжайлардың үлесі әлі де төмен. Осыған байланысты мамандар жылыжайларды кезең-кезеңімен газға көшіру және заманауи сүзгі жүйелерін орнату арқылы экологиялық жүктемені азайтуды ұсынуда.

Көмірден табиғи газға және басқа да баламалы энергия көздеріне көшу қоршаған ортаға түсетін зиянды әсерді айтарлықтай төмендетеді. Атап айтқанда, атмосфераға таралатын күл, күйе және улы газдардың көлемі азайып, ауа сапасы жақсарады. Сонымен қатар бұл тұрғындардың денсаулығын сақтауға, климаттық өзгерістердің алдын алуға және өндірістің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аймақта бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда. Облыстық экология департаменті, табиғатты қорғау прокуратурасы, «Атамекен» ҰКП, «QazaqGaz» АҚ және сала өкілдері бірлесіп, жылыжайларды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу мақсатында тәжірибе алмасу іс-шаралары ұйымдастырылуда.

Мемлекет тарапынан да қолдау тетіктері қарастырылған. Өндірістік жылыжайларға әр гектарға 8,1 млн теңге, фермерлік жылыжайларға 4,8 млн теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Бұдан бөлек, энергия шығындарын ішінара өтеу және жеңілдетілген несиелер беру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда түтін сүзгілерін орнатуға қатысты көптеген өтінімдер қабылданып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Жалпы, облыста жылыжай шаруашылығын дамыту мен экологиялық талаптарды сақтау қатар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қоршаған ортаны қорғауға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге негіз болады.