ФАРМАЦЕВТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековпен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері сөз болды.
Облысты дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз ету, медициналық ұйымдарға қажетті препараттарды уақтылы жеткізу, сондай-ақ фармацевтикалық қызмет сапасын арттыру өзекті. Сол сияқты қойма логистикасын жетілдіру, дәрі-дәрмектерді сақтау және тарату жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері де өз шешімін күтеді.
Облыс әкімі денсаулық сақтау мәселесі басты назарда тұрғанын айтты. Саланы дамыту бағытындағы ұсыныстарды қарастыруға мүдделі екенін жасырмады. Сонымен бірге дәрі-дәрмекті бөлуде әділдікті сақтау, шын мұқтаж науқастарды қамту, осы саладағы кейбір заңсыздықтар мен олқылықтар жойылады.
Кездесу соңында қос тарап денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін білдіріп, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.
Отандық фармацевтика өндірісін кеңейту, медициналық қызмет сапасын жоғары деңгейге көтеру Президент тапсырмасы. Осыған байланысты бірқатар өңірде жаңадан дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорындар салынып жатыр.
