ЖОЛ ЖОБАСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Түркістан облысында өңірлік инфрақұрылымды дамыту және жол сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, халықты сапалы жол желісімен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Осы бағыттағы маңызды нысандардың бірі – Шардара ауданындағы Жаушықұм және Қалғансыр елді мекендерін өзара байланыстыратын аудандық маңыздағы автомобиль жолы. Қазіргі уақытта аталған жолдың құрылысы белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.
Жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жол құрылысына 483 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда. Атап айтқанда, 2025 жылы алғашқы кезеңде дайындық жұмыстары толық орындалды. Бұл кезеңде жолдың негізін қалыптастыру, су өткізгіш жүйелерді орнату, темір-бетон құбырларын төсеу, сондай-ақ жер төсемін тегістеу жұмыстары атқарылды.
Өтпелі жоба ретінде 2026 жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі бүгінде басталып, белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мердігер ұйым бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 2 сәуірінде басталып, мамыр айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыстардың орындалу барысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жұмыс сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Аталған жол жобасының іске асырылуы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал ететін болады.
