АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫНА НЕГІЗ ҚАЛАЙДЫ
САЙРАМДА СУ ҮНЕМДЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Сайрам ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Су – ауыл шаруашылығының негізгі тірегі ғана емес, стратегиялық маңызы бар табиғи ресурс. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және халық санының артуы әлем елдерін суды ұқыпты пайдалану саясатын күшейтуге мәжбүр етуде. Бүгінде дүние жүзінде ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың көлемі жалпы тұтынылатын судың шамамен 70 пайызын құрайды. Осыған байланысты дамыған мемлекеттер дәстүрлі суару тәсілдерінен бас тартып, суды дәл мөлшермен жеткізетін заманауи технологияларға көшуде.
Мәселен, Израиль мемлекеті тамшылатып суғару технологиясын алғаш болып өндірістік деңгейде енгізіп, су тапшылығы жағдайында жоғары өнім алудың тиімді жолын қалыптастырды. Бұл елде әрбір тамшы судың есебі жүргізіліп, суды қайта пайдалану көрсеткіші әлемдегі ең жоғары деңгейге жеткен. АҚШ, Испания, Аустралия және Нидерланд секілді мемлекеттер де су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелерін, автоматтандырылған суару қондырғыларын және топырақ ылғалдылығын бақылайтын датчиктерді кеңінен қолданып келеді. Нәтижесінде су шығыны 30-50 пайызға дейін азайып, өнімділік бірнеше есеге артқан. Өзбекстан, Түрікменстан және Қытай сияқты елдер де су тапшылығының алдын алу үшін тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелерін жаппай енгізуде.
Қазақстанда да су ресурстарын үнемдеу мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Әсіресе суармалы егіншілік дамыған өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы өнім көлемін арттырумен қатар, табиғи ресурстарды сақтау міндеті қойылып отыр. Осы бағытта Сайрам ауданында жүйелі жұмыстар қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Ағымдағы жылы аудан көлемінде 1107 гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда ауылдық округтерден 129 агроқұрылым бойынша 948,71 гектар жерге жоспар жинақталды. Оның ішінде 636 гектар алқапқа тамшылатып суғару, ал 312 гектарға жаңбырлатып суғару технологияларын орнату көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының жаңа технологияларға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар нақты іске асырыла бастады. Атап айтқанда, Ақбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Ат баптау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 92,5 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесін енгізу үшін «Жәрдем АС» микроқаржы ұйымымен келісімшарт жасап, қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстарын бастап кетті. Бұл жоба заманауи агротехнологияларды пайдалану арқылы су шығынын азайтып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологияларының артықшылықтары өте көп. Ең алдымен, ағын су дақылдың биологиялық ерекшелігіне сәйкес қажетті мөлшерде және дәл уақытында беріледі. Бұл судың ысырап болуын едәуір қысқартады. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды сумен бірге нақты тамыр аймағына жеткізу арқылы олардың тиімділігі артады. Топырақтың құрылымы сақталып, тұздану мен эрозияның алдын алуға жағдай жасалады. Егістік алқаптарда арамшөптердің өсуі азайып, өсімдіктің даму кезеңі тұрақтанады. Нәтижесінде шаруалар бір алқаптан жылына екі-үш рет өнім алып, табысын еселей алады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тамшылатып суғару технологиясы суды 40-60 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Кейбір өңірлерде өнімділік 2 есеге дейін артқан. Бұл технологиялар әсіресе су қоры шектеулі және климаттық өзгерістердің әсері күшейіп отырған аймақтар үшін аса маңызды. Қазақстанның оңтүстік өңірлері, оның ішінде Сайрам ауданы үшін мұндай тәсілдер ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несие беру тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар су үнемдеу жүйелерін орнатуға жұмсалған шығындардың 80 пайызына дейін бюджет есебінен субсидияланады. Бұл қолдау шаралары шаруалардың қаржылық жүктемесін азайтып, жаңа технологияларды енгізуге ынталандырады.
Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындаумен қатар, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы аудан шаруалары табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланып, өнім көлемін көбейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Ең бастысы, бұл бастамалар болашақ ұрпаққа су қорын сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қызмет етеді.
